Ақтөбеде 7 жастағы бала ашық тұрған құдыққа құлап кетті

158

Бала жылап көмекке шақырған кезде оның дауысын жанынан өтіп бара жатқан жас жігіт естіп, бірден көршілерді көмекке шақырған.   

Ақтөбеде 7 жастағы бала ашық тұрған құдыққа құлап кетті Фото: бейнежазбадан

Ақтөбе қаласында 7 жастағы мектеп оқушысы ашық тұрған құдыққа құлап, жарты сағаттай көмек күткен. Ересектер бірігіп, оқушыны шамамен 3 метр тереңдіктен алып шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оқиға Ақтөбе қаласының Алматы ауданына қарасты Қарғалы тұрғын алабында болған. Куәгерлердің айтуынша, құдықтың аузы көлік дөңгелегімен ғана белгіленіп қойған. Сол сәтте қатты жел тұрғандықтан, артқа қарай жүріп келе жатқан бала абайсызда шалынып, құдыққа құлап кеткен.

Қала тұрғыны Орынша Бисенбекованың айтуынша, баланың жылаған дауысын естіген жасөспірім алғашында дауыс аула ішінен шығып жатыр деп ойлаған. Кейін құдыққа үңіліп қарағанда, ішінде отырған баланы байқап, бірден көмек шақырған. Көршілер жиналып, арықтау келген жасөспірімді құдыққа түсіріп, баланы матаға іліп жоғарыға шығарып алған.

Оның айтуынша, оқушы құдық ішінде шамамен жарты сағат отырған. Ол жылап, ата-анасы мен ата-әжесінің атын атап, көмекке шақырған.

"Aqtobe su energy group" АҚ мәліметінше, аталған құдық "Әлихан Ойл" ЖШС-нің меншігінде. Тұрғындардан хабар түскен соң коммуналдық мекеме қызметкерлері оқиға орнына жедел барып, құдықтың бетін жауып тастаған.

Ал баланың анасы Айгерім Русанова полицияға арыз жазғанын айтты. Ол құдық иесін анықтап, жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Сонымен қатар прокуратура мен сотқа шағымдануға дайындалып жатқанын жеткізді.

Анасының айтуынша, бала қазір ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлер оның дене қызуының төмендеп кеткенін анықтаған. Сонымен бірге жабық бас-ми жарақаты болуы мүмкін деген күдік бар. Баланың тобығы да зақымданған болуы ықтимал.

Оқиғадан кейін бала қатты қорқып қалған. Анасының айтуынша, бұл құдық шамамен екі жылдан бері ашық тұрған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу