Ақтөбеде 9 жасар бала соқыр ішекке жасалған отадан соң көз жұмды

1779

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.

Ақтөбеде 9 жасар бала соқыр ішекке жасалған отадан соң көз жұмды

Ақтөбе облысында 9 жасар баланың соқыр ішекке жасалған отадан кейін қайтыс болуына байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді, деп хабарлады "Мой город" порталына сілтемемен kaztag.kz.

"Қазіргі таңда комиссия жұмыс жасап жатыр, жұмыстар қорытындысы гистологиялық талдау алынғаннан кейін белгілі болады. Тексеру нәтижесі бойынша аталмыш жағдайдан кейін дәрігер-анестезиолог тексеру аяқталғанға дейін наркоз беруден шеттетілді, анестезия және жан сақтау бөлімінің меңгерушісі өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Тексеру қорытындысы бойынша жауап дайындалып, шаралар қабылданып, іс материалдары тиісті органдарға берілетін болады", – деп хабарлады Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен. 

Еске сала кетсек Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында Хромтаудан соқыр ішек болуы мүмкін деген диагнозбен жеткізілген 9 жасар бала қайтыс болған еді. 

"Жағдай 15-нен 16-на қаңтарға қараған түні орын алды. Балада асқынған аппендицит болды, сондықтан оны Хромтаудан бізге жеткізді. Отадан кейін бала қайтыс болды. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр, себебін сараптамадан кейін ғана айтамыз", – деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев.

Хромтау аудандық ауруханасы балалар хирургі болмауына байланысты ота жасаудан бас тартқан. Ата-анасы оны облыс орталығына 15 қаңтарда түнде өздері жеткізіпті. Таңға жуық науқасқа ота жасалып, артынша бала көз жұмған. 

"Қалай? Біз түсінбейміз. Дәрігерлер отаның сәтті өткенін айтты, бірақ отадан кейін он минут өткен соң балам қайтыс болды. Оның қайтыс болғандығы туралы бізге 10:15-те хабарлады. Ауруханада баланың статкартасын таба алмаған. 16 қаңтарда, ертеңгісін дәрігерлер Хромтау ауруханасына телефон шалып, ата-анасының ұялы телефон нөмірін іздеген, ал мен екі нөмірімді де бердім, медбике оны жазып алған болатын", –  деп жазады болған жайт туралы баланың анасы Әсима әлеуметтік желіде. 

Бала Хромтаудағы №5 мектеп-гимназияда оқыған, үздік оқушы болған, спортпен айналысқан, денсаулығында кінәрат болмаған, ата-анасының айтуынша, аллергиясы да болмаған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу