Ақтөбеде 92 жастағы кейуана өзінің 8 баласын сотқа берді

416

Ол жасына байланысты көптеген созылмалы аурудан зардап шегетінін мәлімдеген.

Ақтөбеде 92 жастағы кейуана өзінің 8 баласын сотқа берді Фото: Pixabay.com

Ақтөбе қалалық сотында талап қоюшы Д.-ның 8 баласынан өзінің асырауына алимент өндіріп алу туралы талап-арызы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Amaty.tv-ге сілтеме жасап.

Талап қоюшы сотқа 8 жауапкер-баласынан алимент өндіріп алу туралы талап-арызбен жүгініп, арызын негіздей келе, өзінің "Батыр ана" және 92 жаста екенін, жасына байланысты көптеген созылмалы аурудан зардап шегетінін мәлімдеген.

"Талап қоюшы өзінің талап-арызында кіші қызы З.-мен қазіргі уақытта бірге тұратынын және материалдық жағынан көмектесетінін түсіндіріп, осыған байланысты соттан тек 8 баласынан алимент өндіріп алуды сұрады. ​​Істі қарау барысында жауапкерлер сотта аналарына тең дәреже көмек беретіні туралы шынайы және жеткілікті дәлелдеме ұсына алмаған", – делінген сот хабарламасында.

​​Өз кезегінде З. үшінші тұлға ретінде, анасына қамқор көрсетіп жүргені туралы фактіні дәлелдеп, бұл дәлелдемелер азаматтық іс материалдарына бейнежазбамен бірге берілгені расталды.

​​"Істі қарау барысында талап қоюшы балалары оған келмейтінін, сондай-ақ оларды 5-6 жыл көрмегенін көрсетіп, бұл да талап-арыздың дұрыстығын растайды", –  делінген хабарламада.

​​Жауапкерлердің, талап қоюшының кіші қызы З. оларды анасымен кездесу үшін үйге кіргізбейді дегенін сот ескермеді, себебі өз дәлелін тапқан жоқ. Сонымен бірге  сот мұны міндеттерінен жалтарудың бір әдісі ретінде қарастырды.

​​Сот талап қоюшының балаларынан алимент алуға құқығы бар екенін анықтап, алайда олардың төртеуі зейнеткерлік жасқа толуына байланысты алимент өндіруге жатпайтынын ескерді.

​​"Кодекстің 145-бабы 3 және 4-тармақтарын ескере отырып, талап коюшының асырауына, істі қарау кезінде қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткішке сай, алиментті 4 жауапкерден 7 еселенген мөлшерде өндірді. Сот жауапкерлердің асырауындағы мүгедек балалары мен кәмелетке толмаған балаларының болуын да назарға алды. ​​Сот шешімімен талап-арыз ішінара қанағаттандырылып, 4 жауапкерден анасының пайдасына оны асырауға әрқайсысынан 7 АЕК-тен алимент өндірді", – делінген сот хабарламасында.

​​Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу