Ақтөбедегі жеке үйлердің бірінен әйел адам мен оның кәмелетке толмаған 3 баласының денесі табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгін Ақтөбе қаласының Алматы ауданында жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел адам мен 3 кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газдан улану нәтижесінде орын алуы мүмкін. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр", – деп хабарлады облыстық әкімдік.
Ақтөбе облысының әкімі тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тексеру жүргізіп, тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары басталды.
"Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады", – делінген хабарламада.
Полиция 1993 жылы туған әйел мен оның кәмелетке толмаған 3 баласының мәйіті 9 ақпан күні шамамен сағат 12:00-де табылғанын хабарлады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.