Ақтөбеде әйелдерді миллионмен декретке шығарған есепші сотталды

72

40-тан астам әйелді декреттік демалысқа шығып, 180 413 146 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алған.   

Ақтөбеде әйелдерді миллионмен декретке шығарған есепші сотталды Фото: kaztag.kz

Ақтөбе облысында есепші әйелдерді декреттік демалысқа шығарып бергені үшін 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Миллиондап ақша алғандардың қатарында Ақтөбе облысының ғана емес, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және басқа да облыс тұрғындары бар. Олардың бәрі Қандығаштағы бірнеше жеке серіктестіктің “қызметкері” болып тіркелген.

Бухгалтер олардың атынан зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру төлемдерін жасап, барлық әлеуметтік аударымдарды жүргізіп отырған. Алайда іс жүзінде әйелдер жұмыс істемеген. Жалған тіркеудің арқасында олар мемлекеттен ірі көлемде әлеуметтік төлем алған.

Мұғалжар аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, айыпталушының бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу саласында білімі мен тәжірибесі мол. Әлеуметтік желі арқылы “Декретке миллионмен” атты курс бойынша оқудан өткен.

Құқық қорғау органдары бұл әрекеттерді аса ірі көлемдегі алаяқтық деп бағалады. Есепшіге ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

"Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Ақтөбе филиалының мәліметінше, бұл іс бойынша мемлекеттен заңсыз төлем алған 41 әйел анықталған.

Прокурор айыпталушыға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айырып, 5 жылға дейін бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраған. Алайда сот оған 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны өтеуді 5 жылға кейінге шегерді.

Үкім заңды күшіне енгеннен кейін, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Ақтөбе филиалы декреттік төлем алған әйелдерден келтірілген залалды өндіріп алуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу