Ақтөбеде 12 ақпан күні тергеу изоляторында төсек жаймасына асылып өлген 29 жастағы Талант Әлиевтің өліміне қатысты дау туындады. Марқұмның туыстары болған жайға ондағы қызметкерлерді кінәлауда, ал изолятор басшылығы оқиғаға суицид деген баға берген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Талғат Әлиевті осыдан бір ай бұрын "он төрт жастағы өгей қызын зорлады" деген айыппен 20 жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда, тергеу кезінде жасөспірім "өгей әкесі өзінен үлкен жігітпен кездесуге рұқсат бермегесін әдейі айтқанын" алға тартып, оны босатуды өтінген. Сондай-ақ, қыздың анасы да әуел бастан күйеуінің жағында болады. Соған қарамастан, сот қыз бала айыпталушыдан қорыққаннан пікірін өзгертті деп есептеп, оны үлкен мерзімге жазаға кеседі. Айыпталушы сот үкімімен келіспеген.
"Мен баламмен этаппен кетер алдында сөйлестім. Ол бір заттарды әкеліп беруін сұрады. Ал таңғы сағат 6.30-да оның қайтыс болғанын хабарлады. Өзі өлер алдында қысым көріп жатқанын айтып, хат жазып кетіпті. Оны камераластарының бірі бастап оқып жатқанда, қолынан жұлып алып кеткен", - дейді сотталушының анасы Мейрамгүл Алмағамбет.
Алайда, түрме басшылығы жазылған хаттың, сондай-ақ, ұялы телефонның болмағанын айтып отыр. Өз кезегінде марқұмның болған жағдайдың жай-сапсарын анықтаймыз деп қуынып жүрген туыстары айғақ болатын заттардың көзі жойылды деп санайды.
"Аталған дерек бойынша жедел оперативтік топ құрылды, қазір қызметтік тексеру жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша бірқатар қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Қазір тергеу амалдары жүруде", - деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Былтыр дәл осы изоляторда 17 адам өз өзіне қол жұмсамақ болып, аман қалған. Ал жыл басынан бері екі әрекет болып, оның біреуінде сотталушы көз жұмыпты.
Құралай Қуатова