Ақтөбеде "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте өрескел бұзған жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, 22 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны әкесінің үйде жоқтығын пайдаланып, оның Toyota автокөлігін рұқсатсыз айдаған. Кейін көлікке шетелдік мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, қала көшелерінде емін-еркін жүрген.
Небәрі үш күннің ішінде жүргізуші жол қозғалысы ережелерін 33 рет бұзған.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі белгіленген жылдамдық режимін асыруға байланысты тіркеліп отыр.
Жауапсыз әрекеттің соңы заң алдында жауап берумен аяқталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды.