Ақтөбеде әкімшіні кепілге алған қылмыскер өлтірілді

767

Ақтөбеде әкімшіні кепілге алған қылмыскер өлтірілді

Ақтөбе қаласы полициясына 14 наурыз күні белгісіз ер адам Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы "Жемчуг" стоматологиясының әкімшісін кепілге алғаны туралы ақпарат түсіреді. Полиция қызметкерлері дереу қимылдап қылмыскерді анықтады. Қылмыскер 1993 жылы туған. Жұмыс істемейді. 2016 жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Биыл 7 наурызда әйелімен ажырасыпты. Әкімшіге бұрынғы әйелін өзіне жеткізуді талап еткен.

Облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, қылмыскер бұрынғы әйелінің үйіне де барып, оның анасына, дәлірек айтқанда 1970 жылы туған енесіне пышақ салған. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-тармағы, яғни адам денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру және 261-баптың 2-бөлігі 4-тармағы, қару қолданып, қарақшылық жасау бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға болған күні Ақтөбенің құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыскермен 5 сағат бойы кепілге алынған, өміріне қауіп төнген азаматшаны босату туралы келіссөз жүргізген. Алайда қылмыскер заң талаптарын орындаудан бас тартады. Тіпті туыстарының да өтінішіне құлақ аспайды. Арыстанғани Заппаров баспасөз мәслихатында қылмыскердің бар мақсаты әйелін өлтіру ғана болғанын, ол осы істі алдын-ала жоспарлағанын айтты.

"Жүргізілген келіссөз ешқандай нәтиже бермеді. Қабылданған барлық шараны бейбіт жолмен шешуге еш мүмкіндік болмағандықтан және қылмыскер әр минут сайын адам өміріне қауіпті күшейткенін ескеріп, полиция қызметкерлері кепілге алынған азаматтың өмірін аман алып қалу үшін арнайы операцияға кірісті. Заң аясында табельдік қару қолданып, қылмыскердің көзі жойылды", – дейді Арыстанғани Заппаров.

Кепілге алынған азамат босатылды. Арнайы шара кезінде азамат зардап шеккен жоқ. Бірақ оқиғадан кейін жүйкесі сыр бергендіктен, қазір дәрігерлердің бақылауында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу