Ақтөбеде алғашқы қар жауып жатыр

432

Ақтөбе облысында ауа райы күрт өзгеріп, өңірдің бірқатар ауданында қар аралас жаңбыр жауып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ақтөбеде алғашқы қар жауып жатыр Фото: Бейнежазбадан

Синоптиктер қатты жауын-шашын мен екпінді жел болатынын болжаса, полиция жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырды.

"Қазгидромет" РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалының мәліметінше, бүгін тәулік бойы облыстың батысы мен солтүстігінде қатты жауын-шашын, оның ішінде жаңбыр мен қар жауады.

Жел солтүстік-батыстан және батыстан соғып, оның жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Хромтау мен Мәртөк аудандарында қар мол түсіп жатыр.

Синоптиктердің болжамынша, 4 қазанда облыстың оңтүстігі мен шығысында желдің екпіні 23-28 м/с-қа, ал 5 қазанда солтүстік пен шығыста 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. 4 қазанға қараған түні ауа температурасы 0-5 градус жылы, облыстың батысы мен солтүстігінде 5 градусқа дейін аяз болады. Күндіз ауа температурасы 2-7 градус жылы болады деп күтіледі.

Осыған байланысты Ақтөбе облыстық полиция департаменті жүргізушілерге ескерту жасады.

Полицияның мәліметінше, қар аралас жаңбыр салдарынан жолдың көрінуі нашарлап, көлік жолы тайғақ болуы мүмкін. Жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы арақашықтықты ұлғайту және қауіпті маневрлерден бас тарту ұсынылды.

Сондай-ақ алыс жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын тексеріп, көліктің техникалық жағдайына көз жеткізу қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу