Ақтөбеде ми қайнатар ыстық күндерден кейін толассыз жаңбыр жауып жатыр. Нөсер жауын аптаның соңына дейін сақталады деп күтілуде, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Синоптиктер болжамы бойынша қалада шілде айында жауын-шашын мөлшері 29 миллиметр болады деп күтілсе, қазіргі күні бұл көрсеткіш 45,4 миллиметр құрапты. Өз кезегінде қатты жауын салдарынан бірқатар көшені су басып, коммуналдық қызметтер шаһарды тазартуға жұмылдырылды.
"Қала бойынша жаңбыр суын арнайы техниканың көмегімен және насостар арқылы сорғылау, суағарлар арқылы Саздыға қарай ағызу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға елуден астам техника жұмылдырылды. 40-тан астам адам арықтарға судың бағытын бұру жұмыстарымен айналысуда. Бұдан бөлек, 5 насостық станция жұмыс істеп тұр және 10 стационарлық насос шұғыл іске қосылды", – деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, биыл қалада 43 проблемалық учаскеге дренаждық құдықтар орнатылмақ екен. Бұл жұмысқа 95 млн.теңге қарастырылған.
Құралай Қуатова