Ақтөбеде атышулы қылмыстық іс басталды

1169

Ақтөбеде атышулы қылмыстық іс басталды

Ақтөбеде шетелдік инвестор Гегам Асрянға қатысты сот отырысы басталды. Айыпталушылар қатарында облыстық әділет басқармасының екі қызметкері және бірнеше компанияның директоры мен заңгері бар. Жәбірленушілер саны 160-қа жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбеде атышулы қылмыстық іс басталды. Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша шетел инвесторы Гегам Асрян мен оның сыбайласы болған компания директорлары, заңгер мен Ақтөбе облыстық әділет департаментінің екі қызметкері жауап беріп жатыр. Гегам Асрянға халықаралық іздеу жарияланған.

Бүгінгі сот отырысы кезінде прокурор Осман Орынбасарұлы айыптау қорытындысын оқыды. Іс бойынша 160 жәбірленуші бар. Оның біреуі екінші деңгейлі банк.

"Әнзия Берденоваға аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденгені үшін айып тағылды. Ол адамдардың сеніміне кіріп, Гегам Асрян, Виктор Сирота, Эльвира Безносюкпен бірлесіп, Қайырбек Орынбасаров, Альфира Сұлтанованың көмегімен алаяқтық жасаған. 2010 жылы "Окси Бильд" компаниясының бас есепшісі болып жұмыс істеген ол Гегам Асрянның сенімді өкілі болған. Кейін ол "Окси Бильд" компаниясының директоры қызметін атқарды. 2013 жылы "Адал Үміт" ЖШС құрылады. Өзі сол компанияға директор болып тағайындалды. Ал Виктор Сирота алдымен бас инженер болып жұмысқа орналасып, 2014 жылы "Окси Бильд" компаниясының директоры болды. Айыпталушы Эльвира Безносюк 2013 жылы "КЭШ Кредит" шағын несие ұйымына директоры болып жұмысқа орналасты",- деді прокурор О.Орынбасарұлы.

Іс материалына сүйенсек, шетел инвесторы Гегам Асрян жерді Форте банкке кепілге қойып, несие алған. Кейін сол банктегі мүлікті кепілден босату үшін Ақтөбе облыстық әділет департаментінде жұмыс істеген Қайырбек Орынбасаровтың қызметін пайдаланды. Ол жерді кепілден босатып, өз қызметіне екі пәтер алды. Жерді кепілден босатқан кәсіпкер Гегам Асрян тұрғын үй құрылысын бастап, пәтерлерді Qazaq банкке кепілге қойып, сатуға шығарды. Сатып алушылар пәтердің екінші деңгейлі банкте кепілде тұрғанын мүлде білмеген. Ал Ақтөбе облыстық әділет департаментінің қызметкері болған Альфира Сұлтанова пәтерді кепілден шығарып алып,  кейін өз қызметі үшін аумағы 130 шаршы метр болатын пәтерді сыйға алған.


"Айыпталушы Әділбек Қарабалин "Санжар Групп" ЖШС, кейін "Арман 2020" тұрғын үй кооперативінің директоры болған. Ол Гегам Асрянның қаржылық жағдайын біліп, жұмыс істеді. Ал  айыпталушы Ольга Демская компанияда заңгер болып жұмыс істеп, алаяқтық жұмыстарға араласты. 2015 жылы Гегам Асрянның 8 компаниясы болды. Олар: "Адал Үміт", "КЭШ Кредит", "Санжар Групп", "Актобе Хинтэг", "Окси Бильд", "Ремстройсервис Самұрат", "Санжар Интермаркет" ЖШС мен "Арман -2020" ТҮК құрған. Ол адамдардың, екінші деңгейлі банктердің сеніміне кіріп алған. Ұйымдасқан топ 2016 жылдың 2-14 маусым аралығында Форте банктегі 1 миллиард 118 миллион теңгеден астам кепіл мүлікті шығарып алған. Кейін "Адал Үміт" ЖШС-ның тіркеуінде тұрған пәтерлер "Арман-2020" тұрғын үй кооперативі арқылы сатылды",- деді прокурор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу