Ақтөбеде аудиторлық тексерулерден соң көптеген заңсыздықтардың беті ашылды

931

Ақтөбе облысында 12 аудиторлық тексеру жүргізілді. Тексеру барысында 12,6 миллиард теңге болатын бюджеттік және өзге де бұзушылықтар анықталды. Заң бұзушылықтың басым бөлігі бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудан болған. Бұл жөнінде облыстың алты бірдей басқармасы 2022-2024 жылдарға арналған бюджет шығындарының жобасын ұсынған облыстық мәслихаттың кезекті отырысында мәлім болды, деп жазады  inbusiness.kz тілшісі.

Ақтөбеде аудиторлық тексерулерден соң көптеген заңсыздықтардың беті ашылды

Басқармалардың алдағы үш жылға арналған шығындары туралы баяндамалар облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясы мен жұмыс тобының бірлескен кеңейтілген отырысында қаралды.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Құдайбергеновтың айтуынша, 2022 жылға жергілікті деңгейде индустриялық-инновациялық қызметті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтерге жалпы сомасы 110 567,8 мың теңге қаражат қажет. Ал 2022-2024 жылдарға арналған жалпы бюджет 567,2 миллион теңгені құрайды. 

"Биыл тексеру комиссиясы 12 аудиторлық тексеру жүргізді. Тексеру барысында 12,6 миллиард теңге болатын бюджеттік және өзге де заңнама бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 2,1 миллиард теңге – қаржылық бұзушылықтар. Заң бұзушылықтардың негізгі үлесі бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға тиесілі", – дейді Облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжин.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов кәсіпкерлікті дамытудағы бюджеттік бағдарламалар шығындары  туралы есеп берді. Белгілі болғандай, басқарма 2022 жылы шағын және орта бизнес үлесін кемінде 33,8 пайызға жеткізіп, "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында жаңадан 30 мың жұмыс орнын құрмақ.

Сондай-ақ отызға тарта шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, 2021-2025 жылдарға арналған Ақтөбе облысының аумағын дамыту бағдарламасы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және орман шаруашылығы саласындағы мамандарға жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық жалақылар мен тарифтік ставкаларды белгілеу туралы шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселелер қаралып, талқыға түскен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу