Ақтөбеде ауыл тұрғындары ауыз су мен газды жылдар бойы күтуге мәжбүр

444

Мердігер компаниялар жұмысты аяқтамай кеткен.

Ақтөбеде ауыл тұрғындары ауыз су мен газды жылдар бойы күтуге мәжбүр Фото: inbusiness.kz

Мұғалжар ауданының Жарық ауылында  жүзге  тарта үй бар. Елді мекен тоғыз жолдың торабында орналасқан. Үш жыл бұрын елді мекенге ауыз су құбырларын тартамыз деп мердігер компания келген. Бірақ былтыр басталған газдандыру жұмыстары да сол күйі аяқсыз қалған. Тұрғындар  сағызша созылған шаруаның аяқталатынына енді  күмәнмен қарайды.

"Суды үш жыл күттік. Әлі күнге дейін бітетін емес. Халыққа керегі газ бен су. Әкімдерден соның бәрін тиянақтап беруін сұраймыз", деді Жарық ауылының тұрғыны Нұрлыбай Сатаев.

Мұғалжар ауданы әкімдігінің мәліметінше, Жарыққа су құбырларын жүргізумен әуелі "Дәнекер" компаниясы айналысқан. Кейін құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты, жобалық-сметалық құжатқа өзгерістер енгізу қажет болыпты.

"Тоқтап қалған себебі - жұмыс кейінге қалдырылған. Қазір аталған компанияға қатысты сот процесі жүріп жатыр. Әрі қарай ауыз сумен басқа мердігер компания айналысады. Жобаның құны - 89 млн теңге, қазір жұмыс істеп жатқан компания барлығын жылдың аяғына дейін бітіруі тиіс",- деді Мұғалжар ауданы әкімі Дархан Ермағамбетов.

Жарықтың жылу мәселесі де жаңа жылға дейін шешілуі тиіс. Көгілдір отын таратуды мойнына алған мердігер компания  тиісті жұмысты келісім-шартта көрсетілген мерзімнен ерте аяқтаймыз деп отыр. Оған бюджеттен  266 млн теңге бөлінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу