Ақтөбеде ауыл тұрғындары газ баллондарын толтыра алмай жүр

462

Мәртөк ауданының  Полтавка, Байторысай, Покровка, Дмитриевка секілді бірнеше елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынсыз отыр. 

Ақтөбеде  ауыл тұрғындары газ баллондарын толтыра алмай жүр

Өйткені, баллонды ешкім толтырып бермейді. Бұрын көлікке газ құю бекеттерінен алса, қазір тиым салғалы олар да қызмет көрсетпейтін болған.

Ауылға су келді, газ келеді деп қуанып жатсақ, тіпті артқа кетіп бара жатқан сияқтымыз. Осы уақытқа дейін үнемдеп пайдаланып келген газ баллондарымызды да түгестік. Ешбір станция толтырып бермейді, өйткені, тиым салған. Бізге газ толтырып берсе, айыппұл төлейді. Амалсыз, өткен ғасырдағыдай тезек теріп, далада пеш жағатын күйге келгелі тұрмыз. Көпбалалы отбасылар бар. Бәрінің электр пешке тамақ істеуге шамасы келмейді. Ауылымыз өсіп, көркейеді десек, мынадай газсыз отыратын болсақ, бәрі үдере көшеді ғой,- деп алаңдайды Полтавка ауылының байырғы тұрғыны Ұлмекен Дәукенова.

Ауылдағылар электр пешпен, енді бірі далаға қазан-ошақ құрып амалын тауып отыр. Бәрінен егін алқабында жүргендер қиналып отыр. Өйткені, далалықта электр желісі жетпеген жерлер бар. "Арғын" шаруа қожалығының басшысы Мұрат Ақдәулетов  комбайншылары мен тракторшылардың жұмысын тоқтатып қойған. Өйткені, асын дайындап беруге мүмкіндік жоқ екенін айтты.

Аптапта жұмыс істеп жүрген адамға қалай газ жоқ, ас әзірлеп бере алмаймыз, сумен амалдай тұр деп айтасың? Ал далада ашық жерде от жағу да өртке қауіпті. Сосын, техникаларды тоқтатып қойдым. Газ баллон тек ас-су дайындауға ғана емес, бізге тетіктерді, құрылғыларды жөндегенде "кесуге" де керек. Оны да жасай алмай отырмыз. Талай есікті қақтық, бізге ең болмаса "зеленый коридор" сияқты ең болмаса аптасына бір рет газ құюға мүмкіндік жасап берсе деген өтініш те айттық. Одан да нәтиже болмай тұр,- деді шаруа қожалығының басшысы.

Мәртөк аудандық әкімдігіндегілер тұрмыстық газ баллондарына қызмет көрсететін газ құю бекетін ашуға ынталы инвестор іздеп жатыр.

"Қр Газ және газбен жабдықтау" Заңының 28 бабының 1,2 тармақтарында  өзгерістерге сай, баллонды газдарды біз қазір  қамтып алынып жатырмыз. Бүгінге дейін 1-2 инвестормен сөйлесіп,  газ накпопиель ашу жолдарын қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, облыс орталығындағы  "Меридиан" газ жинау бекетімен де сөйлесіп жатырмыз, - деді Мәртөк аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асқар Ғаббасов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу