Ақтөбеде автобус күту мұңға айналды

885

Жүргізушілер жұмысқа шығудан бас тартып отыр. 

Ақтөбеде автобус күту мұңға айналды

Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері тағы да наразылық танытып, жұмысқа шықпай отыр. Бұл жолы олар шілде айының жалақысын төлеуді талап етуде, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін автопарк қызметкерлері автобустардағы электрондық төлем жүйесіне қарсылық білдірген болатын. Бұл жолы 80-ге жуық адам бір мезгілде жұмыстан қалып, жалақы төленбейінше "маршрутқа" шықпайтындарын мәлімдеді. Оның кесірі тұрғындарға тиіп, жолаушылар автобусты сағаттап күтуге мәжбүр болған. 
Осы жағдайға орай, "Автопарк" ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов жүргізушілердің ішінде алимент, несие төлейтіндері бар, олар бұрынғыдай жалақыны қолма-қол емес, кәртішке арқылы алуға наразы болды деп түсіндірген болатын. Алайда мұндай мәлімдеме автопарк қызметкерлерін одан әрі ашуландырды. 

"Бізде барлығы бірдей алимент немесе несие төлей алмай жүргендер емес. Біз тек жалақыны уақытылы төлеуді талап етіп отырмыз, шілде айының жалақысын әлі төлеген жоқ, басшылық "қосалқы бөлшек алдық, ақша жоқ" деп сылтауратып отыр",дейді Т.Жұмағалиев. 

Қазіргі күні жұмысқа шығудан бас тартып отырған қоғамдық көлік жүргізушілерімен келіссіздер жүріп жатыр. Автопарк басшылығы олардың ішінде бірнеше арандатушы бар, қалғандары солардың үгіт-насихатына еріп кетеді деген пікірде. Егер қарсылық жалғаса берсе, ереуіл ұйымдастырушылардың үстінен полицияға шағымданып, басқа жүргізушілерді жұмысқа тартуды қарастырмақ. Белгілі болғандай, қалада күн сайын желіге шамамен 140 автобус шығады. Ал қыркүйек, қазан айларында тағы 50 автобус сатып алынбақ. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу