Ақтөбеде баласы бассейнге баратындар дабыл қақты

622

Ата-аналардың айтуынша, балалардың денесі бөртіп, жөтеле беретін болған. Мұны өздері бассейндегі хлорлы қоспадан көреді.  

Ақтөбеде баласы бассейнге баратындар дабыл қақты Фото: inbusiness.kz

Себебі, балалар суда жаттығып шыққаннан кейін өздерін жайсыз сезінді деп отыр.

Бұл өзі алдыңғы жылдары басталды. Тамақ қышытады, көздері удай ашиды. Жаттығып келгенде балалардың көзі қызарып келеді. Екі қызым осы бассейнде жаттығады. Екіншісі жөтеліп жүрді. Ата-аналар хлоры көп, вентиляция аз деп себеп айтып жатыр. Мектептің басшылығы осыны анықтап, қателіктердің бәрін жойса екен,- дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Руслан Мұхамеджан.

"Достық" бассейнінде 800-ге тарта бала келеді. Олардың барлығы - су спорты түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары. Кейбір ата-аналар бастапқыда балалары сусын немесе тәттіге аллергия болар деп мән бермеген. Бірақ, бір емес, бірнеше ата-ана баласының денесінде қызыл бөрткендер шығып, жөтел пайда болған соң, дабыл қаққан.

Ұлым 4 жыл қатарынан осы бассейнде жаттығып жүр. Соңғы уақытта денесі қышып, бөртіп кететін болды. Жуырда жарыс өтіп, ата-аналар Астана, Алматы қалаларынан қатысушылар келгенде ол балаларда суда хлордың көптігінен тұншығып, өздерін жайсыз сезінгенін айтып жатты. Жиырма шақты ата-ана жиналып, басшылыққа айттық. Жұма күні Қостанай облысында осыған ұқсас жағдай болғанын оқыдық. Ол жерде де хлордан уланған деп жатыр. Демек, барлық бассейндерге  қоспаны бір көзден жеткізетін болса, бұл кездейсоқтық емес шығар деген ой туып отыр.  Сараптама жүргізіле ме, жоқ па? Хлордың құрамы қандай? Ол да бізге беймәлім. Балалар тері ауруына шалдықса кім жауап береді? Бізді осы жағдай алаңдатады, - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Арман Құттыбаев.

Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар жағдайдан хабардар. Бүгін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменттен арнайы маман шақыртып, бассейндегі судан сынама алып, тексеретінін айтты. Қорытындысы жарияланатын болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу