Ақтөбеде баспана алып беремін деп танысынан 10 млн теңге алған адам ұсталды

298

Танысы уәдесін орындамай, ақшаны қайтармаған.  

Ақтөбеде баспана алып беремін деп танысынан 10 млн теңге алған адам ұсталды Фото: el.kz

Ақтөбе облысында танысына мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үй алып беруге уәде етіп, 10 млн теңгесін иемденген күдікті ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Полицияның мәліметінше, жергілікті тұрғын шамамен екі жыл бұрын танысының сеніміне кіріп, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспананы тиімді шарттармен рәсімдеп беруге болатынын айтқан. Осыған сенген жәбірленуші тұрғын үйді рәсімдеу және қажетті мәселелерді шешу үшін оған 10 млн теңге берген.

Алайда күдікті уәдесін орындамай, ақшаны қайтармаған. Осыдан кейін жәбірленуші полицияға арызданған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Полиция азаматтарды тұрғын үй сатып алу және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу кезінде сақ болуға шақырды. Мамандар баспананы "кепілді түрде алып беремін", кезекті жылдамдатамын немесе құжаттарды таныстар арқылы рәсімдеп беремін деген уәдеге сеніп, ақша бермеуге кеңес береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу