Ақтөбеде бес адам мас күйінде көлік айдаған

735

Ал алаяқтар тобы машиналардың мемкөмірлерін ұрлаумен айналысқан.

Ақтөбеде бес адам мас күйінде көлік айдаған

Құрбан айт мерекесімен тұспа тұс келген өткен демалыс күндері көшелердегі қауіпсіздікті күшейткен ақтөбелік полицейлер "қызу" күйінде көлік айдаған бес жүргізушіні анықтады. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының Красин көшесін патрульдеу кезінде тоқтатылған "Шевролет круз" көлігінің жүргізушісі 52 жастағы тұрғын екен, көлік басқару құқығынан айырылғаны аздай, мас күйінде рөлге отырыпты. Қонаев пен Жангелдин көшелерінің қиылысынан ұсталған 38 жастағы "Ваз-2110" жүргізушісінде де – тура осындай жағдай. Қолында құжаты жоқ, бірақ, "ащы судан" ұрттап алған. Олардың екеуінің де көліктері арнайы тұраққа қойылып, өздері қалалық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған деректер Алға және Мұғалжар аудандарына тиесілі. Бұл деректер бойынша ҚР ҚК 346 бабының 1 бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Елімізде 2020 жылдың 11 қаңтарында күшіне енген заңдағы өзгерістерге сәйкес, көлікті масаң күйінде айдаған және бұрын-соңды басқару құқығынан айырылған жүргізушілерге қатысты жаза қатайтылған. Оларға салынатын айыппұл көлемі 5000 АЕК-ке дейін өсіп, бес жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Соған қарамастан, заң бұзушылар саны тиылар емес және мұның салдары ауыр жол-көлік оқиғаларына әкеп соғуда.

Бұдан бөлек, облыстағы тәртіп сақшылары машиналардағы ресейлік және армяндық нөмірлерді ұрлаумен айналысқан төрт адамнан тұратын алаяқтық топты қолға түсірді. Олардың біреуі – кәмелеттік жасқа толмаған болып шықты. Белгілі болғандай, олар дабыл қаққышы мен бейнебақылау құралы жоқ көліктердің мемлекеттік нөмірлерін шешіп алып, оны сыйақыға қайтып беретіні жайлы жазып, әйнектеріне қыстырып кететін болған. Ол үшін автокөлік иесі "Телеграм-каналда" көрсетілген телефонға хабарласуы керек екен. Зардап шеккендердің көпшілігі тіркеу нөмірлерін сатып алғаннан кейін барып полицияға жүгінген. Әзірге осындай қырыққа жуық адам анықталып отыр. Алаяқтардың да қазіргі күні екеуі ғана ұсталған. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу