Ақтөбеде де бір тәулікте бір айлық мөлшердегі қар түсті. Облыс аумағының кей жерлерінде ақ ұлпа әлі толассыз жауып тұр. Осыған орай "Казгидромет" наурыз айының соңына дейін дабылды ескерту жариялады деп хабарлайды 24.kz.
Күн күрт жылынса, қардың тез еріп, су деңгейінің көтерілу қаупі бар. Коммуналдық мекемелер түні бойы қар тазалаумен айналысты. Қала және қала маңындағы ауылдық округтерде мұндай жұмыстарға 100-ге жуық техника мен 500 адам жұмылдырылған. 30 басқарушы компания мен 15 мердігер кәсіпорын көпқабатты үйлердің аулаларындағы ақ ұлпаны әлі шығарып жатыр. Қалада су тасқынына қарсы штаб құрылды.
Жалпы облыс бойынша су басу қаупі бар 43 елдімекен анықталды. Бұл аумақтарда 12 мыңнан астам тұрғын бар. Төтенше жағдай бола қалса, 600 техника, 102 тонна жанар-жағармай, 13 тонна инертті материал мен 46 мың тонна құм толтырылған қапшықтар дайын тұр.