Ақтөбеде әйелінің бетін тіліп тастаған ер адам төрт жылға сотталды. Жәбірленуші әйелдің оны соттамауды сұраған өтініші қанағаттандырылған жоқ.
Бұдан жарты жыл бұрын 38 жастағы Сәкен Бекенов сыраханада жұмыс істейтін әйеліне барып, оны ұрып-соғып, бетін құлағына дейін пышақпен тіліп кеткен. Оқиға куәгерлері сол жерге полицияны шақырады. Кейін іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды.
Судья Жанат Қуанышева "С.Бекенов ҚР ҚК "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша айыпты деп табылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтесін" деген үкім шығарды. Ал прокурор айыпталушыға 6 жыл жаза сұраған. Әйелдің өзі бұрынғы күйеуінің түрмеге жабылғанын қаламайтынын айтып, кешірім беріп, соттамауын сұраған. Сондай-ақ ол денсаулығына келтірілген шығынды өндіріп алудан да бас тартқан.
Құралай Қуатова