Қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды.
Сотталушы диализ орталығында мейіргер ретінде Абай Айсағалиевпен бірге қызмет еткен. Танымал дәрігердің көмекшісі болған ол Айсағалиевтің ұялы телефонына банк қосымшаларын жүктеп, олардың құпия сөздерін орнатқан және есепшотында қомақты ақша барын да көрген. Айсағалиев көзін емдету үшін Астана қаласына баратын кезде сотталушыға сеніп, пәтерінің жағдайын қарап қою үшін кілтін де беріп қойған.
"Жәбірленушінің жалғыз өзі тұратынын білгеннен кейін сотталушыда пайдакүнемдік ниетпен ірі мөлшерде қаражатын ұрлау мақсатымен өлтіру ойы туындаған. Сөйтіп дәрігерді пәтерде күтіп, оның өмір сүру үшін маңызды органдарына пышақ және аспаздық балтамен бірнеше рет соққы жасап өлтіріп, мәйітті үйдегі тоңазытқышқа салып қойған", – дейді соттағылар.
Кейін сотталушы алдын ала сатып алған арнайы масканы киіп, Айсағалиевтің есепшоттарынан 5 268 000 теңге шешіп алған. Бұдан басқа жалпы құны 1 966 860 теңге болатын ұялы телефондарын, ноутбук пен планшетін ұрлап кеткен.
Прокурор соттан 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, ал жәбірленуші тарап заң шеңберінде қатаң жаза тағайындауды сұрады. Алайда сотталушы тағылған айыпты ішінара ғана мойындаған.
"Сот алқабилердің қатысуымен үкім етіп, сотталушыны Қылмыстық Кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 8 тармағы "Пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіру", 188-бабының 3-бөлігінің 1 тармағы "Ірі мөлшерде ұрлық" бойынша кінәлі деп таныды. Оған түпкілікті 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.