Ақтөбеде қарақшылық шабуыл жасап, екі қызды зорлаған дәстүрлі емес, теріс діни ағым өкілдері ұсталды. Облыстық ішкі істер департаментінің криминалды полиция мен экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының мәлімдеуінше, азаматтардың бірі 1980, екіншісі 1982 жылы туған. Бұрын сотталған, дінді жамылып, есірткі қолданып, қылмыстық іспен айналысқан.
Оқиға былай болған. 11 сәуір күні Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы үйлердің бірінде қарақшылар күш қолданып, 1991 және 1996 жылы туған қыздарға қарақшылық шабуыл жасап, олардың 300 мың теңгеге бағаланатын заттарын алып кетеді. Қыздарды өлтіреміз деп қорқытып, зорлық жасаған.
Полиция қызметкерлері қылмыстың "ізін суытпай" ашып, қылмыскерді қолға түсірді. Қазір олар қамауға алынды. Көп ұзамай, сот алдында жауапкершілікке тартылады. Олар жасаған қылмысы үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жалпы биыл облыста полиция қызметкерлері дәстүрлі емес, теріс ағымдағы 19 адамның 25 қылмыстық іске қатысы барын анықтаған. Олар ұрлық, тонау, қарақшылық шабуыл жасағаны, қорғансыз әйелдерді зорлағаны және бейбіт тұрғындарға қарсы заңсыз қару қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ облыста жат ағым өкілдерінің мешіттерде ұрлық жасағанына қатысты да сот үкімі шықты.