Ақтөбеде екі адамды өлтіріп, келіншекті кепілге алған қылмыскер өмір бойына сотталды

124

Үкім облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта шықты. 

Ақтөбеде екі адамды өлтіріп, келіншекті кепілге алған қылмыскер өмір бойына сотталды Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облысында екі адамды өлтіріп, әйелді кепілге алған 39 жастағы Сәрсенбек Басанов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Судья Жәнібек Сейітжапаров сот залында мынадай үкім оқыды:

– С. Басановқа Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жаза тағайындалды. Атап айтқанда, 107-бап 1-бөлігімен – 1 жыл, 126-бап 2-бөлігі 3 және 4-тармақтарымен – 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ал 99-бап 2-бөлігінің 1, 3 және 5-тармақтарына сәйкес, сотталушыға түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны – қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесі.

Сот жәбірленуші Элеонора Әлидің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сотталушыдан 7 353 500 теңге көлемінде материалдық шығын, 20 миллион теңге моральдық өтемақы және 500 мың теңге заңды өкіл шығыны өндірілетін болды.

– Біз осы іспен алты ай жүрдік. Жынды болып кете жаздадық. Ату жазасы болғанда, соны сұрар едік. Әрине, үкіммен келісеміз. Қолымен істегенін мойнымен көтерсін, – деді жәбірленуші Э.Әли үкімнен кейін.

Еске салсақ, биыл 13 қаңтарда Ақтөбе қаласында ер адам әйелді кепілге алған. Оқиға орнында болған үш адамның екеуі қаза тапты, бір адам ауыр жараланып, ауруханаға түсті. Кепілде болған әйел бірнеше күн ем қабылдады.

Қылмыстық іс бірден қозғалып, тергеу басталды. Екі апта бұрын сотқа дейінгі тыңдау өтті. Басановқа "Адам өлтіру", "Бас бостандығынан заңсыз айыру", "Денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтіру" баптары бойынша айып тағылды.

Сотта жәбірленуші де, айыпталушы да өз нұсқаларын айтты. Басанов тағылған айыптардың бір бөлігін ғана мойындады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу