Ақтөбе облысының Алға ауданында екі айлық сәби қайтыс болып, анасы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Алға аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2024 жылдың қарашасында ол қызын үй жағдайында босанған. Алайда сол кезде де ешқандай медициналық мекемеге жүгінбеген.
Сот материалына сәйкес, әйел нәрестеге дұрыс күтім жасамаған: баланы тамақтандырмаған, медициналық көмекке жүгінбеген. Соның салдарынан сәби ауыр дертке шалдығып, көз жұмған. Сараптама нәтижесінде нәрестеде тонзиллит, екі жақты іріңді-серозды пневмония және іріңді бронхит анықталған.
Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Прокурор оны Қылмыстық кодекстің 119-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот үкімімен әйел дәл осы баппен кінәлі деп танылып, бір жылға сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.