Ақтөбеде екі ауылда бруцеллезге байланысты карантин жарияланды

1190

Ақтөбеде екі ауылда бруцеллезге байланысты карантин жарияланды

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Қаратал және Саралжын ауылдарында карантин жарияланды. Мұнда ірі қара мен ұсақ малдан бруцеллез анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Ойыл ауданының екі ауылында қаңтар айынан бері карантин. Мұнда ірі қара мен ұсақ малдан бруцеллез анықталды. Мамандар карантиннің қай уақытта жойылатынын дәл айта алмай отыр. Шығанақ Берсиев ауылдық округінің орталығы Қаратал мен Саралжын ауылдық округінің орталығы Кемер ауылының тұрғындары үшін бұл жағымсыз жаңалық болды.

"Ауылдағы 38 үйдің малынан бруцеллез дерті анықталды. Барлығы 1915 мүйізді ірі қарадан қан алынып, оның 78-нен оң нәтиже шықты. КамАЗ көлігімен Ақтөбе қаласына жөнелтіп жатырмыз. Ертең соңғысын жөнелтіп, қайтадан қан алу жұмысы жүргізіледі. Негізі, өткен жылы күзде малдан қан алынды. Сол кезде 10 бас ірі қарадан бруцеллез анықталған еді. Салдарынан биыл өлі төл тіркелді",- деді Қаратал ауылының мал дәрігері Айдарбек Бақтығалиев.

Мал дәрігерлері екінші рет қан алу жұмыстарын бастады. Егер бәрі сәтті аяқталса, араға 21 күн салып қайтадан қан алынады. Екі рет қан алынған соң карантин жойылады. Әзірге малды жайылымға жіберуге болмайды.

Айта кетейік, Қаратал мен Кемер ауылына 4 қаңтар күні карантин жарияланды. Қараталдан 78, Кемерден 21 бас ауру мал анықталды. Республикалық эпизотияға қарсы күрес жасағының облыстық филиалы мамандарының айтуынша, Қаратал ауылында ұсақ малға да карантин жарияланып отыр. Әзірге ұсақ мал басының нақты саны белгісіз. Себебі, ауылда ұсақ малдың саны ортақ базаға енгізілмеген. Алдымен саны анықталып, кейін қан алу жұмысы жүргізіледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу