Ақтөбеде екі бүйрегі де жұмыс істемейтін әйел аман-есен босанды

1170

Дәрігерлер бұл жағдайды ғажайыпқа теңеп отыр. 

Ақтөбеде екі бүйрегі де жұмыс істемейтін әйел аман-есен босанды

Ақтөбе облысында екі бүйрегі де жұмыс істемейтін әйел босанып, өмірге сәби әкелді. Мұндай жағдай соңғы рет бұдан он жыл бұрын болған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Жас босанған ана 1995 жылғы Таланды Беркімбай, 2019 жылдың наурыз айынан бері екі бүйрегі істен шығып, ауыстырмалы бүйрек терапиясына көшірілген, содан бері аптасына 3 рет 4 сағаттан гемодиализ қабылдайды", – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен. 

Таландының гемодиализге байлануына сәтсіз жүктілік себеп болыпты. Дәрігерлер содан кейін, оның сәбилі болуына үзілді-кесілді қарсы болған. Себебі мұндай жағдайда дені сау бала туу медициналық көрсеткіш бойынша мың адамға шаққанда біреу ғана екен. Бұл жолы да ақ халаттылар консилиумы оған жүктілікті үзуді ұсынады. Ана болуды қатты қалаған Таланды одан бас тартқан. 

Сөйтіп Таланды Беркімбай 3 наурыз күні Ақтөбе медициналық орталығында кесір тілігі арқылы аман-есен ұл баланы дүниеге әкелді. Жеті айлығында салмағы бір жарым келі болып туған нәресте салмақ жинап, оңалып анасымен бірге 14 сәуір күні үйіне шықты.  

"Тек бастапқы кезде ғана қорқыныш болды. Көптен күткен, өзіміз қалаған сәбиіміз болғасын ештеңеге алаңдамадым", – дейді Таланды. 

Дәрігерлер бұл жағдайды ғажайыпқа теңеп отыр. Облыста қазіргі күні бес жүздің үстіндегі адам гемодиализге тәуелді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу