Ақтөбеде екі жас жоғары қабаттан секіріп, қаза тапты

635

Қайғылы оқиғаға қатысты көп жайлар ашық айтылмай отыр.  

Ақтөбеде екі жас жоғары қабаттан секіріп, қаза тапты

Ақтөбеде 17 жастағы қыз бен 18 жастағы жігіт көп қабатты үйден секіріп кетіп, қаза тапты. Олардың мәйітін таңертең көшеге шыққан аула тұрғыны көріп қалып, полицияға хабар берген. Кейін ішкі істер қызметі қаладағы 11 ықшамаудандағы 25 қабатты үйдің кіреберіс балконынан екі жастың секіріп кеткені жөнінде мәлімет берді. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері қаза болғандардың жеке заттарын тәркілеп, сот-медициналық сараптама тағайындап, "өзіне-өзі қол жұмсау" дерегі бойынша тексеру жүргізілуде.

Осы жағдайға орай, "Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың ең көп кездесетін себептері – махаббат мәселесі, құрдастарымен немесе ата-аналарымен болатын жанжал, болашақ үшін қорқыныш және жалғыздық сезімі. Ата-аналар баланың эмоционалды жағдайына назар аударуы керек. Өзара әңгімелесіп, сөйлесу, мәселелерді талқылау, оларды шешуге үйрету, баланың өмірге құштарлығын ояту керек. Егер Сіздің қолыңыздан келмесе, балаңыздың әлеуметтік немесе эмоционалды жағдайында бір мәселе туындағанда көмек сұрауға қымсынбаңыз. Бәрі өздігінен жақсарады деп үміттенбеңіз. Қырағылық танытыңыз" деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Дегенмен, бұл мәселеде кейбір көлеңке тұстардың барын айта кету керек. Әлеуметтік желілерде жастардың суицидке баруына күйіп-жанған махаббат та емес, психикаға теріс әсері бар әлдебір, нақтырақ айтқанда, "Жылдамдық" ойынының себеп болуы мүмкін екенін айтылуда. Қайтыс болған қыз баланың ағалары кейін оның ұялы телефонын қарап отырып, оны екі жігіттің бір ай бойына өз-өзіне қол жұмсауға дайындағанын білген. Олар бір-бірімен хат алмасқанда жоғары қабаттан секіретіндерін де жазыпты. Оқиғадағы үшінші адам 23-24 жас шамасында екен, ол қазір ауруханада. Белгілі болғандай, кейін қыз бала түс қайта "дәптер сатып аламын" деген сылтаумен үйінен шығып кетеді де, қайтып оралмайды. Ол қыршын кетерден бір күн бұрын туыстары жер-көкке сұрау салып, қыздарын іздеген. Тағы бір айта кетерлігі, қаладағы 25 қабатты үш тұрғын криминогендік жағынан онша жақсы айтылмайды. Мәселен, бұл жерде осыдан он жыл бұрын да суицид жағдайы орын алып, бір бозбала секіріп өлген.

Облыстық полиция департаментінің ресми мәліметінде ҚР ҚК 105 бабы 3 бөлігі, яғни "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша іс қозғалғаны айтылғанмен, басқа ешқандай дерек берілмейді. Сол сияқты, қаладағы медициналық емдеу мекемелері мен марқұм болғандардың туыстарына дейін қазіргі күні қандай да бір жайларды ашып айтудан бойларын алшақ ұстап отырғаны байқалады. Дегенмен, қос бірдей қыршынға байланысты қайғылы оқиғаның жай-жапсары алдағы уақытта халыққа бүкпесіз жарияланады деп сенгіміз келеді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу