Ақтөбеде эвакуациялық пункттердегі тұрғындар жатақханаларға көшірілді

255

Бұған дейін мектептерді паналаған 957 адам 7 жатақханаға орналастырылды. 

Ақтөбеде эвакуациялық пункттердегі тұрғындар жатақханаларға көшірілді Фото: Ә.Жанұзақ

Бұл шешім білім беру мекемелеріндегі оқу процесін қалыпты жағдайда жалғастыру үшін қабылданған. Оның үстіне эвакуациялық пункттердегі тұрғындардың көбі үйлеріне оралған. Ал, қалғандары баспаналары жарамсыз күйде болғандықтан ғана тұрып жатқандар. Яғни, уақытша болса да жатақханаға қоныстану оларға да тиімді. Кеңес Нокин ауылында орналасқан Аграрлық-техникалық колледжді 201 адамды қабылдады. Тұрғындар бұған дейін өздері болған мектептерде де жағдайлары жаман болмағанын айтады. Алайда, жатақхана тіпті ыңғайлы.

"Біз 2 аптадай Мұхтар Арын атындағы мектепте болдық. Ол жақта балаларымызға өте жақсы қарады. Ештеңеден таршылық көрген жоқпыз. Енді оқушылар оқиды деп осы жаққа көшірді. Бұл жер көңілімізден шықты. Тамақтарды алдымызға әкеліп, шайымызды демдеп, балаларымыздың жағдайын сұрап жатыр", - деді қоныстанушылардың бірі Лиза Балтаниязова.

Қазір облыс мектептерінде оқу процесі қалыпты жағдайда өтуде. Тек Ырғыз ауданының орталығындағы білім ордаларына 3 ауылдан эвакуацияланғандар әкелінген. Елді мекенде оларды орналастыратын жатақхана мен қонақ үй жоқ. Облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Орынованың айтуынша, өңірдегі барлық мектеп Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен ағымдағы аттестациялаудан босатылған.

"Республика бойынша бүгін басталған оқушылардың білім жетістіктеріне жасалатын мониторинг те біздің облыстың білім алушылары үшін кейінге шегерілді. Енді ол 22-інші сәуірде басталып, 26-ыншы сәуірге дейін жалғасады. 96 мектеп қатысуы тиіс еді, оның саны 87-ге қысқарды. Қобда ауданының 2, Ойыл ауданының 4,  Ырғыз ауданының 3 мектебі бұл мониторингтен босатылды", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу