Солардың бірі – Айжамал Мырзағалиева бүгін 100-ге толды. Кейуана 7 баладан тараған 16 немере, 27 шөбере мен 7 шөпшектің ортасында мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды 24.kz.
Үлкен баласының өзі сексеннің сеңгіріне жеткен ана өзін бақыттымын дейді. Ол әлі күнге дейін ине-жіпті өзі сабақтап, көйлегін тігіп киеді. Кейуана 17 жасынан бастап, колхоздың қара жұмысына араласып, еңбекпен шыңдалғанын айтады.
Жүз жасауының сыры үнемі қозғалыста болып, тынымсыз еңбек еткеннің арқасы дейді. Кейуананы туған күнімен құттықтай барған қала басшылығы, теледидар сыйға тартты. Айжамал ана батасын беріп, жаңа жылмен құттықтады.
"Сауыншы да болдым, іскірт де үйдім, балшық иледім, шөмеле де салдым, әртүрлі жұмыс істедім оқуым болмағасын. Жаңа жылмен бәріңізді құттықтаймын. Ел-халқыммен, келін-балаларыммен, бауырларыммен, бәріне құтты болсын! Тыныштық заман болсын, ел-халқымыз бірлікте, аман-саулық берсін!", – дейді жүз жасаған әже.