Ақтөбеде ғимарат төбесі құлап, бір адам қайтыс болды

1235

Жұқа төбе ауыр құрылыс материалдарын көтере алмаған.

Ақтөбеде ғимарат төбесі құлап, бір адам қайтыс болды

Ақтөбеде ғимараттың төбесі опырылып ортасына түскенде зардап шеккен әйел ауруханада қайтыс болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Еске сала кетсек, қалада 1 қыркүйек күні кешкісін "Даму" кәсіпкерлерді қолдау қоры ғимаратының шатыры мен екінші қабаты опырылып құлап түскен. Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдай қызметкерлері бес адамды аман алып қалып, екі адамды ауруханаға жеткізді. 

"Ауруханаға келген екі науқастың ішінде 1987 жылы туған ер адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емделуге жіберілді. Ал әйел адамның жағдайы ауыр болды, ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Кеуде және ми жарақатын алған әйел комотозды күйде келді", - дейді облыстық жәдел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Серік Қапанов.

Белгілі болғандай, 33 жастағы әйел есін жимаған күйі көз жұмған.

Ғимарат жабындысының 200 шаршы метр аумағы құлаған. Құрылысшылар төбені жөндеу үшін оған ауыр құрылыс материалдарын алып шыққан, ал төбе оны көтере алмай опырылып түскен деген де болжам айтылуда.

Қазіргі күні оқиғаға байланысты ҚР ҚК "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғалған. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу