Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады

380

Талапкерлерді қабылдау келесі оқу жылында басталмақ.  

Ақтөбеде Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады Фото: gov.kz

Министр Саясат Нұрбектің Ұлыбританияға іссапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Heriot-Watt университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Эдинбург қаласында өткен кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова және Heriot-Watt университеті меморандум аясында жүзеге асатын қадамдарды нақтылап, бірлесе атқаратын жұмыстар бойынша жоспар жасады.

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім беру жүйесін экономиканың сұраныстарына сай қайта форматтау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде, оның ішінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жолымен іске аспақ.

Осыдан екі ай бұрын Ұлыбританиядағы Heriot-Watt университетінің ректоры Марк Биггс Ақтөбеге арнайы келіп, облыс және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басшылығымен кездескен болатын.

Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Heriot-Watt университеті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында үш ("Мұнай-газ ісі", "Электронергетика", "Компьютерлік инженерия") бакалавриат деңгейіндегі білім беру бағдарламасын ашады. Бұл мамандықтар өңірдің сұранысына қарай таңдалды.

Жоғары оқу орындарының арасындағы серіктестік отандық техникалық және IT мамандарды бірлесе дайындауға бағытталған. Оқуды аяқтаған студенттерге Heriot-Watt университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің қос дипломы беріледі. Бұл мамандықтар Ұлыбританиялық стандарт бойынша оқытылып, сапаны Heriot-Watt Университеті бақылайды.

Алдағы уақытта екі ЖОО арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламалары белсенді дамитын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу