Осыдан бір апта бұрын, 30 желтоқсан күні түнде Ақтөбе мыс компаниясына қарасты шахтасында апат болып, төрт кенші газға уланып қайтыс болған еді. Тағы бір жұмысшы жарақат алып, үйінде емделуде. Қазіргі күні оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы құрылған республикалық комиссия жай-жапсарын анықтауда, комиссия құрамында мыс кенішінің жұмысшылары да енгізілген.
Белгілі болғандай, төтенше жағдайда көз жұмған кеншілердің отбасына әлеуметтік көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, асыраушысынан айырылған төрт отбасының несиелері толықтай өтеліп, балаларының ең кішісі кәмелеттік жасқа толғанға дейін марқұм әкелерінің жалақылары төленіп тұрмақ. Сондай-ақ, Ақтөбе мыс компаниясына қара жамылған төрт үйге отбасы мүшелерінің санына қарай Ақтөбе немесе Хромтау қаласының бірінен үй алып беру міндеттелген. Отбасылардың әрқайсысына 20 млн теңге біржолғы өтемақы төленеді. Бұдан бөлек, оқу орындарында білім алып жатқан балалардың оқу ақысы да төленбек.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының инспекторы Артур Әуезовтің айтуынша, қазіргі күні компания қайтыс болған жұмысшыларды жерлеуге 2 млн теңге берген. Сонымен қатар, оқиға орнынан аман қалған 60 жастағы жұмысшының еміне 5 млн теңге бөлу жайы қарастырылуда.
Айта кетейік, жарылыста қайтыс болған төрт кеншінің артында 11 бала қалған. Қазір апат болған шахтада ғана жұмыс тоқтатылған, қалғандары қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Құралай Қуатова