Ақтөбеде оқушы қызды зорлап, жүкті қылған өгей атасына қатысты сот үкімі шықты. 64 жастағы ер адам 21 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің "Зорлау" және "Он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру" баптары бойынша қаралды.
– Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі бойынша 20 жылға, 124-бабының 3-бөлігі бойынша 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша түпкілікті жаза ретінде 21 жылға бас бостандығынан айыру белгіленсін, – деді судья Алтынбек Сабыров.
Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Судьяның айтуынша, аталған баптар бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған, алайда сотталушының зейнет жасында екені ескерілген.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 9-сыныпта оқитын қыздың ана атанғаны белгілі болды. Оның жүкті екені ұзақ уақыт бойы анықталмаған. Тіпті, үш рет медициналық тексеруден өткеніне қарамастан, жүктілік тіркелмеген. Кейін полиция күдіктіні ұстап, қамауға алды. Ол 60 жастан асқан, жәбірленушінің өгей атасы болып шыққан.