Ақтөбеде қансырап жатқан оқушыға сенбеген төтенше жағдайлар қызметкері сотталды

737

Сонымен бірге ол моральдық шығын ретінде 1 млн теңге төлейді.

Ақтөбеде қансырап жатқан оқушыға сенбеген төтенше жағдайлар қызметкері сотталды Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қалалық сотында қансырып жатқан оқушыға сенбей, дер кезінде көмек жібермеген "112" қызметкеріне 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің "Салғырттық" бабы бойынша сотталушы А.Біржановқа қатысты іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, былтыр анасы мен ағасы пышақ жарақатынан көз жұмып, өзі ғана аман қалған оқушы "112" телефон нөміріне бірнеше рет хабарласып көмек сұрайды. Сол кезде сотталушы А.Біржанов оның сөзіне сенбей, бірнеше рет тұтқаны қоя салған. Салдарынан жәбірленуші дер кезінде көмек ала алмады. Сөйтіп оқушы үш рет хабарласып, арада 50 минут өткенде ғана жедел жәрдем жіберілді.

Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы өз кінәсін толық мойындамады әрі алғашқы қоңырауды баланың ойыны деп қабылдағанын ашық айтты.

"Қорғаушы тарап, облыстық ТЖД басшығылы оны тәртіптік жазаға тартып, 2023 жылдың сәуір айында қызметінен босатқанын алға тартты. Бірақ бұл қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Біржанов Абылайхан Қылмыстық кодекстің "Салғырттық" бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 айға бас бостандығанан шектеу жазасы тағайындалсын. Осы уақыт аралығында пробациялық бақылауға алынсын", - деді судья Ахметқали Молдағалиев. 

Айта кетейік, жәбірленушіге 1 млн теңге моральдық шығын өндіріледі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу