Ақтөбеде карантин тәртібін сақтамаған 13 орынның жұмысы тоқтауы мүмкін

655

Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен онлайн форматта өткен аппарат жиналысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты сұрақтар қаралып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.  

Ақтөбеде карантин тәртібін сақтамаған 13 орынның жұмысы тоқтауы мүмкін

"Бүгін өңірде коронавирус індетінің екі жағдайы тіркелді. Жалпы, науқастарды "Жайсаң" мен "Әлімбет" көлік бекеті арқылы шет елден келгендерден анықтап жатырмыз. Бізге 6 қазаннан бері 53 мыңнан астам адам келді, олардың ішінде 5 мың адамның ПТР нәтижесі жоқ, сондықтан карантиндік стационарларға жатқызылды. 47 адамнан коронавирус анықталды", – деді Нұржауған Қалауов.

Оның айтуынша, коронавирус індетінің болуы мүмкін толқынына дайындық мақсатында барлық шаралар қабылданды: қажет болған жағдайда кереует орындарының саны 445-тен 3603-ке дейін көбейетін болады, орындардың 57,1%-ы оттегімен қамтылып, 21 стационарлық рентген аппараты орнатылды, өкпені жасанды желдететін 382 аппарат, 450 оттегі концентраты, 626 оттегі баллоны, 787 Бобров аппараты мен 424 оттегі жастығы бар.

Жедел жәрдем бекеті мен емдеу мекемелерінің автопарктері 41 санитарлық машинамен толықты, алты мобильді диагностикалық кешен сатып алынды, дәрілік заттар мен жеке қорғаныс заттарының екі айлық қоры жасақталды.

Бүгінде 47 бақылау тобы 25720 нысанға 8433 тексеріс жүргізіп, 1790-нан астам заң бұзушылық анықталды, 1770 адам әкімшілік жазаға тартылды, 170,2 млн.теңгеге айыппұл тағылды.

Нұржауған Қалауов бақылау топтарының өз жұмыстарын жандандырғанын, нәтижесінде сотқа карантин тәртібін бұзған 13 көңіл көтеру орнының қызметін тоқтату туралы материалдардың жіберілгенін атап өтті.

Облыс әкімі "Мереке күндері қала мен аудандардың тіршілігіне жауапты барлық қызметтер кесте бойынша жұмыс жасаулары тиіс. Бұл сұрақты қатаң бақылауда ұстау керек. Кәсіпкерлік субъектілерінің ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бақылау топтары тексерісті барлық жерде, әсіресе, Ақтөбе қаласында жалғастырулары керек", – деп тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу