Ақтөбеде кәсіпкерлер грантсыз қалғанына наразы

372

Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант арқылы бизнесін бастамақшы болған бір топ адам облыстық әкімдікке келді.

Ақтөбеде кәсіпкерлер грантсыз қалғанына наразы Фото: inbusiness.kz

Олар жылдар бойы шағын кәсіп ашқысы келетін адамдарға мемлекеттің қолдауы ретінде берілетін қайтарымсыз гранттан үмітті болған. Комиссияға ұынатын бизнес жобасын дайындап,  білімін артырып, сонша тер төккен сәтте, биыл грант берілмейтінін естіп, тауы шағылыпты. 

"Бизнесті қолдау бағдарламасымен берілетін грант тоқтатылғанын 29-тамызда естідік.  Барлық облыстарда бар да, алабөтен неге біздің облыста тоқтатып қойды? Біз соған наразымыз. Мен мысалы, отандық туризмді дамыту деген жобамды ұсынғалы отырғанмын. Жүзеге асыру үшін 5 млн теңге грант бөлуді сұрар едім. Соған үміт артып, мен қаншама еңбектендім. Осы саланы зерттеу үшін Түркия, Ресейге бардым. Өйткені, ешкімде жоқ, ерекше кәсіп ашуды көздедім. Бар үмітім- осы қайтарымсыз несие арқылы кәсіп ашу еді. Менің жобам жүзеге асса бірнеше адамды жұмыспен қамтыр едім. Неге бұл жобаға иек арттық? Өйткені, кәсібін енді ашқысы келетін адамға басқа мүмкіндік жоқ. Банктерден несие алу үшін пайыздық үстемесі өте көп. Оған қаржылық шамамыз жетпейді. Депутаттар қаржыландыруға қарсылық білдірген дейді. Неге біздің пікірімізді ескермейді?",- дейді кәсіпкер Динара Молдағалиева.

Ақтөбе облыстық әкімдігіндегілер  қайтармсыз грантты үлестіруді тоқтатқанын бұған дейін қаржыландырылған кейбір  бизнес бастамалардың жұмысы жүрмей, тиімсіз болғанымен байланыстырды.

"Ұлттық жоба шеңберінде  5 млн теңгеге  дейін қайтарымсыз грант   деген қарастырылған.  Биылғы  грантты тоқтату себебіміз , мәслихаттың депутаттарынан  өтінім түсті. Соған байланысты біз ол қаражтты Ұлттық жоба шеңберінде  жеңілдітлген несиеге ауыстыруды ұйғардық. Тағы бір себеп – жылдар бойы жүргізілген талдау нәтижелері алған гранттардың  жұмыс жасамай жатқанын көрсетті. Мысалы, шамамен  30-37 гранттан берілетін болса, соның бес-алтауы  жұмыс жасамай жатыр деген сөз.  Сондықтан, жергілікті бюджетте қарастырылған  ақшаны жұмыс тоқтамасын деп  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жеңілдетілген несие  бағдарлама  бар, біз соған бердік. Ол "Даму"  қоры  арқылы екінші деңгейлі банктер арқылы  беріледі",- деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Айбек Айтжанов.

Былтыр Ақтөбе облысы бойынша қайтарымсыз грант үшін 140 млн теңге қарастырылған. Жобасын ұсынған 560 үміткердің ішінен комиссия үздік деген 37 адамға үлестірген. Биыл 40 млн теңге бөлініп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу