Ақтөбеде қатарласына пышақ сұққан студент 9 жылға сотталды

329

​Ақтөбе облысында қатарласы әрі ауылдасы Әлихан Жәнібековке пышақ сұққан студентке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Ақтөбеде қатарласына пышақ сұққан студент 9 жылға сотталды Фото: Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны адам өлтіруге оқталғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Іс материалдарына сәйкес, сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 9 және 14-тармақтары бойынша айып тағылған. Алайда ол кінәсін мойындамай, өзіне қауіп төнгендіктен қорғанғанын айтты.

Жарыссөз барысында прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот бұл жазаны 9 жылға белгіледі. Сот үкімімен жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталушы тарапынан 2,3 млн теңге материалдық шығын, 15 млн теңге моральдық зиян және өкіл қызметіне 1 млн теңге өндірілетін болды. Сонымен қатар Рауан Ниязмағамбетованың пайдасына 15 млн теңге моральдық өтемақы тағайындалды.

Судья А. Сабыров Шалқар қаласындағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жастар арасындағы жанжалдардың алдын алу және кәмелетке толмағандармен жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмеген.

 "Шалқарда “Маяк” және “Рабочий” топтарының арасында кикілжің болған. Кейін аса ауыр қылмыс тіркелді. Жәбірленуші, сотталушы және көптеген куә түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген. Полиция кәмелетке толмағандармен дұрыс жұмыс жүргізбеген", – деді судья.

Осыған байланысты сот аудандық полиция бөліміне қатысты жекеше қаулы шығарды. Үкім жарияланғаннан кейін сотталушының туыстары наразылық білдірді. Ал жәбірленуші тарап жаза мерзімін жеткіліксіз деп санайтынын жеткізді.

"Біз 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған едік. Бірақ қылмысты кәмелетке толмай жасағаны ескерілді. Әлихан өте ақкөңіл, достары арасында сыйлы еді. Ол мемлекеттік қызметші болуды армандады. Өкінішке қарай, арманына жете алмады", — деді Рауан Ниязмағамбетова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу