Ақтөбеде Қазақстан-Израиль бизнес форумы басталды

589

Ақтөбеде Қазақстан-Израиль бизнес форумы басталды

Ақтөбеде Қазақстан мен Израильдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамытуға арналған В2В форматында кездесу өтті. Басқосуда өңірдің экономикалық әлеуеті таныстырылып, инвесторларды ынталандыратын табысты жобалар көрсетілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастық артқан. Елімізде Израиль елінің қаржы салуымен 270 кәсіпорын жұмыс істейді. Екі ел арасында құрылыс, мұнай-газ, металлургия, тау кен және өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика, сауда саласындағы қарым-қатынас жолға қойылған. Өткен жылы Ақтөбе облысы мен Израиль арасындағы тауар айналымы 63,1 мың АҚШ долларына жетіпті. Бұл елден көкөніс, цитрусты жеміс, сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар әкелінген.

"Израильде шағын және орта бизнес үлесі – 98 %. Біз үшін сіздердің осы саладағы тәжірибелеріңіз маңызды. 2012 жылдан бастап біз "МАШАВ" халықаралық ынтымақтастықты дамыту агенттігімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Олардың қолдауымен жастарға және іскер әйелдерге арналған семинарлар ұйымдастырылды. Арнайы курстарда білім алған 12 түлек Израильдің шағын және орта бизнесті дамыту және мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибелерін іске асырып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында 1996 жылдан бері "Шалом" еврей этномәдени бірлестігі жұмыс істеп тұр. Бірлестік 20 жылда облыстағы барлық еврейдің басын біріктірді. Біздің ойымызша, ынтымақтастықтың осы үлгісі Ақтөбе облысы мен Израиль арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға сеп бола алады", – дейді Бердібек Сапарбаев.

Ал Израильдің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродский алдағы уақытта Қазақстанмен, нақтырақ айтқанда Ақтөбе облысымен ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін айтты.

"Бүгінгі кездесудің нәтижесінде ауыл шаруашылығы, медицина және қауіпсіздік секілді үш бағыттағы жобалардың жүзеге асырылатынына сенімдімін", – дейді ол. Сондай-ақ ол осы басқосудың нәтижесінде жаңа жобалар жүзеге асатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу