Ақтөбеде кимешекті әжелер шеруі өтті

487

Бұл шара Амал мерекесіне орай ұйымдастырылды. 

Ақтөбеде кимешекті әжелер шеруі өтті Фото: Әзиз Жанұзақ

Бүгін таңертеңнен бастап әр ауылда киіз үйлер тігіліп, жұртшылық бір-бірімен көрісіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ал, Ақтөбе қаласында көп қабатты үйлерде тұратындардың өзі бір атаның баласындай ұйымдасып, аулаларынан қазан көтерді. Тәлімді шараның бірі Қарғалы елді мекенінде ұйымдастырылды.

Мұнда ақ кимешекті әжелер шеруі өтті. Ұлттық киімді ұлықтаған жүз ана Есет батыр шағын ауданынан бастап мәдениет үйіне дейін жүріп барды. Жол бойы оларды көрген көлік жүргізушілері мен қала тұрғындары таңданыстарын жасырмай, суретке түсіріп жатты. Аналар бұл шараны жастарға үлгі болсын, кейінгі буын ұлттық құндылықтарымызды ұмытпасын деген мақсатта ұйымдастырғандарын айтады.

"Геолог" мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізіп жатырмыз. Мақсатымыз – ақ кимешекті насихаттау. Қазақтың киімдерін киіп жүруге шақырамын жастарымызды. Міне, қандай әдемі шеру болып жатыр. Біз "Қазақ аналары – Дәстүрге жол" жобасының мүшелеріміз. Халыққа ұлттық дәстүрімізді насихаттау үшін өзге де іс-шаралар өткіземіз. Өзім кимешекті барынша жиі киіп жүруге тырысамын", - деді шеруге қатысушылардың бірі Күнімхан Спандияров.

Қарғалы елді мекеніндегі мәдениет үйінде "Асыл әжелер" атты ансамбль бар. Өнер ұжымының құрылғанына 15 жыл болған. Бүгінгі іс-шараның басы-қасында жүргендер де осы ансамбльдің мүшелері. Өнерлі аналар келесі айдан бастап аудандарға гастролдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу