Ақтөбе облысының Хромтау қаласында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ жабдығының жарылуы салдарынан бес адам ауруханаға жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға бүгін кешкі сағат 17:45 шамасында Хромтау қаласындағы Ғ. Жұбанова көшесінде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, нысанда су жылытатын газ жабдығы жарылған.
Түскен хабарлама бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жедел түрде оқиға орнына жіберілді. Екі техника мен жеті қызметкер тартылды. Жарылыс салдарынан ғимараттың шамамен 80 шаршы метр аумағы қирады. Зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, бес адам ауруханаға жеткізілді.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарақат алған азаматтардың барлығы әртүрлі деңгейде күйік шалған. Бір ер адам жансақтау бөлімінде жатыр, оның денесінің 20 пайызға жуығы күйген. Қалған төрт науқас травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Барлық науқастың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Қажетті медициналық көмек толық көрсетілуде.