Ақтөбеде қойма мен жонғыш цех орналасқан екі қабатты ғимарат өртенді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
"21 сәуір күні 04:40-та Ақтөбе облысындағы жол құралдарына металл бөлшектер өндіретін "Адал Тау" ЖШС аумағында қойма мен жонғыш цех орналасқан екі қабатты ғимарат шатырынан өрт шықты. Өрт аумағы 500 шаршы метрге дейін таралды", - делінген Төтенше жағдайлар комитеті таратқан хабарламада.
Тілсіз жау 6:30-да ауыздықталған және 07:10-да толық сөндірілген. Өрт салдарынан ешкім зардап шекпеген.
Қазір оқыс оқиғаның себебі анықталып жатыр. Комитеттің хабарлауынша, жалынды сөндіруге отыздан астам өрт сөндіруші мен 8 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен бірге, өрт орнына апаттар медицинасы орталығы мен төтенше жағдайлар комитетінің бригадалары шақырылған.