Бала туралы деректерді порталға салған сәттен-ақ асырап алуға өтініш түскен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Балалар үйінің бас дәрігері Серік Айтукиннің айтуынша, сәби 10 маусым күні мекемеге қабылданған. Осыдан кейін оның туу туралы куәлігі рәсімделіп, бала асырап алу порталына енгізілген.
– Өтініш білдірген азамат келіп, баламен танысты. Заңда көзделген рәсімдер толық аяқталған соң оның өтініші қанағаттандырылып, сәби өткен аптада жаңа отбасына берілді, – деді ол.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданындағы қоқыс маңынан жаңа туған нәресте табылды. Салмағы 2 келі 900 грамм болған сәби жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегімен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған болатын.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сәбидің туған анасы әлі анықталған жоқ. Қазіргі уақытта оны іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.