Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді

473

Оның аумағы 60 га созылып жатыр.  

Ақтөбеде қоқыс полигоны тағы өртенді

Өрт сөндіру қызметіне "Табыс Ақтөбе" ЖШС қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағында қоқыс және құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама  11 шілде күні келіп түскен. Өрт сөндірушілерден бөлек орман шаруашылығы мекемесінің  қызметкерлері жұмылдырылып, өртенген аумақты құммен тегістеп жабу жұмыстары жүргізілгенімен, әлі бықсып жатыр. 

Қалалық қоқыс полигоны 60 га аумақты алып жатыр. "Табыс Ақтөбе" ЖШС-не қарасты аумақтың 800 шаршы метрі өртенген. Серіктестік директоры жағдайды аптап ыстық пен желдің екпінінің күшеюі қиындатқанын айтты.

"Қазіргі уақытта ауыр техника жүр, құм сеуіп жатырмыз. Бірақ, ескі полигонды толықтай топырақпен жаппайынша, бұл тұтана береді. Өйткені, астындағы метан газы бар. Жаңа полигонды іске қосылмаған соң, әзір осы ескі полигонда әлі күнге дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап жатырмыз",- дейді "Табыс-Ақтөбе" ЖШС директоры Асанәлі Қайдаров.

Жыл басталғалы полигон осымен он төртінші рет отқа оранған. Облыстық экология департаменті әр өрт оқиғасы тіркелген сайын сынама алған.

"Әр өрт дерегі тіркелген сайын  оқиға орнына барамыз. Әрине, өрт болғандықтан,  көмірсутегі тотығының  нормадан асып кеткендігі тіркелді. Ол бойныша департаментпен "Табыс-Ақтөбе"  ЖШС  жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп,  талаптарды сақтамағын үшін, оның ішінде,  сұрыптаудың болмауына және  апат туралы бізге мерзімінде хабарламағын үшін  әкімшілік айыппұлдар  салынды, ол толығымен өндірілді. Қазіргі уақытта  департаментпен  экологиялық талаптарды орындамау  бойынша, сонымен қатар,  өрттің жиілеп кетуіне байланысты осы "Табыс-Ақтөбе" серіктестігіне қатысты экологиялық рұқсатты  қайтып алу туралы сотқа құжаттар  дайындалып жатыр. Соңғы өрт бойынша  ауаға таралған зиянды қалдықтар көрсеткісі шамадан 1,5 есе артып отыр",- дейді Ақтөбе облыстық экология департаментінің мемлекеттік экология инспекторы Меруерт Сейітжапарова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу