Ақтөбе облысы әкімдігінің сайтына мониторинг жасаған "Ақтөбе – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі облыстық білім басқармасына қатысты бірқатар жайтты анықтады. Мониторинг анықтағандай, аталған басқарма сайты "ең жабық" сайттардың бірінен саналады. Мәселен, ол 2019 жылдық ақпан айында, одан кейін 2020 жылдың желтоқсан айында жаңартылған. Бос орындар мен байқау шарттары жөніндегі мәліметтер уақытылы жарияланбайды.
Одан бөлек, басқарма білім беру мекемелеріне қажетті оргтехниканы нарықтағы бағасынан қымбат бағаға сатып алған болып шықты. Атап айтқанда, 2018 жылы басқарма "Казинтерсервис" ЖШС-мен 5000 дана компьютер алу жөнінде келісімшартқа қол қояды. Лот 1 млрд 250 млн теңгеге есептелген. Әрі қарай тексере келгенде, облыстық білім беру басқармасының "Фора", "Технодом" дүкендерінде 149 мың теңге тұратын компьютерді 250 мың теңгеге алғаны белгілі болды.
"Біз компьютердің рыноктағы бағасын, сапасы мен қаншалықты ұсынысқа ие екенін қатар тексердік. Сөйтіп, олардың конфигурациясы әлсіз екенін және сервистік қамтамасыз етілмегенін анықтадық", – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің арнайы мониторинг тобының сарапшысы Надир Мерғалиев.
Белгілі болғандай, компьютерлерді 36 айға дейін сервистік қызмет тегін жасалуы керек, алайда оны жасау үшін бюджеттен тағы қаржы бөлінген. Қазіргі күні тексеру жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша тиісті органдарға ұсыныс жолданбақ.
Құралай Қуатова