Ақтөбеде көпбалалы анаға жарамсыз сертификат берілген

1226

Көрсетілген 2 млн теңге оған тиесілі болмай шықты. 

Ақтөбеде көпбалалы анаға жарамсыз сертификат берілген

Ақтөбеде облыс әкімінің қолынан 2 млн теңгеге сертификат алған жатақханада тұратын көпбалалы ана Айсұлу Күздібаеваның қуанышында шек болмаған. Сөйтсе, ол жай ғана қағаз болып шығыпты. Қазір онымен үйдегі балалар ойнап жүр, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Жатақхананың 14 шаршы метр жерінде бес баласымен тұрып жатқан Айсұлу бұл қаражаттың үстіне ақша қосып, баспанасын кеңейтем бе деп ойлапты. Сөйтіп, сертификатта көрсеткен соманы сұраған кезде оның ешқандай заңдық күші жоқ екенін біледі.

Белгілі болғандай, ол бұған дейін жағдайының нашарлығын айтып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған. Оған еріктілер үн қатып, үйіне жөндеу жүргізіп, теледидардан бастап төбеге ілетін шамына дейінгі керек-жарақтарын алып берген. Соның бәріне 2 млн теңгедей қаражат жұмсалыпты.

"Неге осы жастардың игі істерін басқаларға үлгі ретінде көрсетпеске деген оймен Айсұлу ханымға жасалып жатқан жұмыстарының жұмсалған қаржысын көрсете отырып, сертификат ретінде жастардың атынан тапсырған едік", – деп ақталады Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева.

Ал Айсұлу Күздібаева шенеуніктердің құны жоқ қағазды "Алғыс айту" күнінде көптің алдында дабырайтып тұрып бергенін түсіне алмауда. Оның үстіне, өңір басшысының өзі бергесін мұны қолына тиетін қаражат деп ойлаған. Бала-шағасы мәз болып, көрші-көлемі құттықтап келген. Кейін оған "бұл ақшаға оның үйін жөндегенін, қағазға тек соны көрсетіп қойғанын" түсіндірген.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу