Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірде медицина мамандарына тапшылық жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, облыстағы 4500 медицина маманының жартысынан көбі COVID-19 және пневмония дертімен күресіп жатыр.
"Тараған дертке қарсы күреске тек жұқпалы аурулар жөніндегі мамандарды ғана емес, барлық медицина мамандарын жұмылдырдық. Нәтижесінде, 2800-ге жуық барлық сала дәрігерлері тікелей осы жұмыспен айналысып жатыр. Сондай-ақ, жергілікті білім ордасының жүзден астам оқытушы-профессорлық құрамы да осы індетпен күресуге кірісті. Медициналық оқу орындарын биыл бітірген түлектерді де тікелей, бірден осы қатарға қостық. Яғни Ақтөбе өңірінде кадр мәселесі жоқ. Мамандар жеткілікті. Олар ауруханалар мен емханаларда қызмет етіп жатыр", – деді облыс әкімі.
Әкім Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы медициналық университке ризашылығын білдіріп, мамандарға сенім артатынын айтты.
Нұржан Көшкін