Ақтөбеде курсант өліміне қатысты сот алды тыңдау өтті

126

Бұл істе майор мен кіші сержант басты күдікке ілігіп отыр.  

Ақтөбеде курсант өліміне қатысты сот алды тыңдау өтті Фото: gov.kz

Сот отырысында айыпталушылардың қорғаушылары істі қайта тергеуге жіберуді сұрады, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ал жәбірленуші тарап айыпталушыларды үйқамақтан уақытша тергеу изоляторына ауыстыру туралы өтініш хат жолдады.

Ақтөбе облыстық әскери сотына айыпталушы Нұржан Айденов пен Заманбек Төлегенге қатысты іс түсті. Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен сот алды тыңдауы басталды.

Айыпталушы Н. Айденовтің қорғаушысы кінәлілердің бәріне бірдей айып тағылмағаны, соның ішінде парашютті жинаған маман мен қойма жетекшісі жауапқа тартылмағанын айтты. Мұның бәрін тексеруі тиіс басшы да жауапқа тартылмаған деп санайды.

Айыпталушы Н. Айденов өз қорғаушысын қолдады. Ал, айыпталушы З.Төлегеннің де қорғаушысы дәл осы өтініш хатты қолдап, жауаптыларды түгел анықтауды сұрап отыр.

Жәбірленуші тарап болса үйқамақты күзетпен ұстауға өзгертуді, яғни, қамауға алуды сұрады.

– Анасы қазір төсек тартып жатыр. Олар неге бостандықта жүр деп сұрайды. Әкесі де соны түсінбейді. Бала биіктен құлағанда шашылып қалған. Көзі ағып кеткен. Үйқамақты қамауға алуға ауыстыруды сұраймыз, – деді жәбірленушінің қорғаушысы.

Сот алды тыңдауы кезінде айыпталушылар көпбалалы екенін, тергеуде қандай да бір кедергі болмағанын, уақытылы шақыруға барғанын айтты.

Тараптардың өтінішін тыңдаған сот кеңесу бөлмесіне кетті. Шешім 2026 жылдың 5 қаңтарында шығады.

Айта кетейік, 2025 жылдың 15 шілдесінде Ақтөбеде Әуе қорғаныс күштері институтының 18 жастағы курсанты парашюті ашылмай қалып, мерт болды. Бақыт Асарбаев Мәртөк ауданы аумағындағы ұшу айлағында "Ми-8" тікұшағынан парашютпен секіру жаттығуын орындаған болатын. Курсанттың өліміне қатысты тергеу биыл қыркүйекте аяқталып, сотқа жолданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу