Ақтөбеде құрылған екі ауданға Алматы мен Астана атауы берілді

1167

Ақтөбеде құрылған екі ауданға Алматы мен Астана атауы берілді

Ақтөбе облыстық мәслихаты екі ауданға Алматы мен Астана атауын беру туралы шешім қабылдады. Облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау білдірді, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

"Елбасы "Ақтөбе – құтты мекен" деп айтып, Ақтөбе туралы жақсы ой қалыптастырған болатын. Сонымен қатар, мемлекет басшысы өз Жолдауында Ақтөбе қаласын төртінші агломерация орталығы деп белгіледі. Бүгінде Ақтөбе қаласының тұрғындары 306 мың адамнан 477 мың адамға өсті. Cоңғы жылы халық саны 20-25 мыңға атты. Орта және шағын бизнес дамып келеді. Бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға себеп болды. Екі ауданға бөлу халықпен қарым-қатынасты жақсартады. Үлкен шаһарларда аудандар құру заңда бар. Астана, Алматы, Шымкент, Қарағандыда аудандар құрылған. Ал аудан атауына келер болсақ, қала халқынан көп ұсыныс түсті. Қарғалы, Сазды, Елек, Бауырластар ұсыныстар арасында бар. Бірақ республикалық ономастикалық комиссия ұсынған тізімде бұл атаулар қарастырылмаған. Атаулардың қайталанбауы, бір тізбекке салу үшін елімізде осындай шара қолданылғанын жеткізгіміз келеді", — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Кейін шаһар басшысы неліктен Астана мен Алматы атауына тоқталғанын жеткізді.

"Астана мен Алматы атауы ұсынылды. Көпшілік қолдады. Астана – Қазақстан Республикасының елордасы. Биыл Астананың 20 жылдығы. Осы аралықта Астанамыз дүниежүзіне танылды. Ал Алматы атауына келер болсақ, 1929 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды. Бұл рухани, қаржылық, мәдени орта. Екі қала да қарқынды дамып келеді. Еліміз балаға ат қойғанда да сол атқа сай болсын армандап қойған. Халықтың ұсынысы да осыған негізделген", — деді Ілияс Испанов.

Айта кетейік, облыстық мәслихат депутаттары қала әкімін бірауыздан қолдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу