Ақтөбеде қыз-келіншектер киіз басуды үйреніп жатыр

352

Тегін имидждік сабақтары туристік орталық ұйымдастырыпты.

Ақтөбеде қыз-келіншектер киіз басуды үйреніп жатыр Фото: inbusiness.kz

Тегін сабақтар бес күнге созылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұйымдастырушылар қатысушылардың жасына да шектеу қоймапты. Ынтасы бар жасы да, кәрісі де қазақтың қолөнерін меңгеруге мүмкіндік алды.

Шеберлер жиналғандарға киіз басудың заманауи техникасын үйретті. Қатысуға тілек білдіргендер көп болғандықтан, шеберлер оларды топ-топқа бөлді.

"Интернеттен хабарландыруды көріп қалып, каникул болған соң, бос жатпайық деп әпкем екеуміз келдік. Өзіме қолөнер қатты ұнайды. Тоқу, тігу білем, енді киіз басуды да үйреніп алғым келді. Бұрын әжелер киіз басатынын кітаптардан оқып, кинолардан көргенмін, бірақ, дәл осындай оңай тәсілі бар екенін білмеппін. Бізге үйреткен әдіспен киізден әдемі костюмдер жасауға да болады екен. Курсты тәмамдаған соң, өзіме тақия жасап алам", – деді Көркем Қайрат. 

Қолөнер шебері Гүлнұр Асқарова мен Гүлден Аязбаевалар әр қатысушыға ылғалды киіз басудың тәсілдерін егжей-тегжей түсіндірді.

Бұрынғы киіз басудан айырмашылығы, дайын боялған жүнді жинап, үстіне сабынды суды құйып отырып, ылғалдайды.

Артынан қолмен ысқылап отырып, басын бітіктіреді де, арнайы пішінін жасайды. Сонан соң әртүрлі жүннен өзі қалаған оюдың, суреттің кескінін салады. 

"Шынымен, киіз басу техникасына қызығушылық артқаны таң қалдырды. Ескі қолөнер деп жатқан жоқ. Әсіресе, жастар өте белсенді. Бұрын киізден тек байпақ басып, киіз үйдің сыртын қаптайды деген түсінік болса, қазір сән әлемінде киім тігіп жатқандар бар. Атақты дизайнерлердің дүниелері – соның дәлелі. Біздің шеберлік сабағына қатысушылар тез меңгеріп алды, бәлкім, олардың арасынан да дизайнерлер шығар", – дейді қолөнер шебері Гүлнұр Асқарова. 

Әр сабақ екі сағатқа созылды. Ұйымдастырушылар курсты тәмамдағандарға арнайы сертификат табыстады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу