Ақтөбеде қызылша жұқтырған бес бала жансақтау бөлімінде жатыр

518

Олардың кішісі 5 айлық болса, үлкені 3 жасқа да толмаған.  

Ақтөбеде қызылша жұқтырған бес бала жансақтау бөлімінде жатыр Фото: Әзиз Жанұзақ

Қазір балалардың жағдайы ауыр. Ешқайсысы бұрын екпе алмаған. Вакцинаға ата-аналары қарсы болыпты.  Дәрігерлер науқастардың тыныстары тарылып,  дем алулары қиындағанын айтып отыр. Дегенмен, жүргізіліп жатқан ем-домдардың нәтижесінде оң өзгерістер байқала бастаған. Балалардың бірінің анасы Айна Тоқсанова:

"Учаскелік дәрігер шақырып, ем алдық. Одан пайда болмады. Ақырында жан сақтау бөліміне түстік. 7 айлық балам бір тамшы су жұта алмады, дем ала алмады. Қиналдық. Кешелі бері қызуы түсіп, тамақ жеп жатыр. Дәрігерлерге рахмет", - дейді.

Жалпы, облыс бойынша 145  адам қызылша жұқтырып, ауруханада ем алып жатыр. Бұған дейін облыс орталығындағы шипажайлардың бірінен қосымша 200 орын дайындалған еді. Қазір мұнда 133 науқас бар. 

"Бұған дейін күн сайын жедел жәрдем қызметіне қызылшамен ауырғандардан 45-50 шамасында шақырту түсетін еді.  Қазір ол 33-ке дейін азайды. Бұл өте жақсы. Оның себебін вакцинациялау шараларының қарқынды жүруімен байланыстырамыз",- дейді, Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрқалиева.

Облыста осы уақытқа дейін 30 450 балаға екпе салынды. Аудандардан қосымша 101 кереуеттік орын дайындалды. Емдеу мекемелерінде барлығы 145 науқас жатыр. Оның 129-ы бала. Аналарының қанында қызылшаға қарсы антиденелер болмаған жағдайда немесе аз болса,  туғанына алты ай болмаған балалар жиі ауырады екен. Сондықтан, дәрігерлер уақытында екпе алу қажеттігін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу